Елена Рыбакина алғаш рет WTA әлемдік рейтингін бастап, әлемнің бірінші ракеткасы атанды!

Бұл — Қазақстан теннисі үшін тарихи жетістік. Елена жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші орнына көтерілген Қазақстанның алғашқы өкілі атанды. Енді әлемдік әйелдер теннисінің көш басында Қазақстанның көк туы мен Елена Рыбакинаның есімі тұр.

Рыбакина US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілуді қамтамасыз етті. Ширек финалда Елена Қытай өкілі Чжэн Циньвэньді 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңді. Осы нәтижеден кейін ол Арина Соболенконы басып озып, әлемдік рейтингтің жаңа көшбасшысы атанды.

WTA рейтингінің жаңартылған нұсқасы 14 қыркүйекте жарияланады. Алайда қазірдің өзінде бастысы белгілі: Елена Рыбакина — әлемнің жаңа бірінші ракеткасы.

Биікке бастар жол

Бұл жетістіктің артында бірнеше жылдық еңбек, тынымсыз жаттығу және өз-өзімен тұрақты жұмыс бар. Бүгінде Еленаның жекелей сында WTA турнирлерінде 13 титулы бар.

Рыбакина — «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы. 2022 жылы ол Уимблдон турнирінде жеңіске жетсе, 2026 жылы Australian Open чемпионы атанды.

2025 жылы Елена Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде де жеңімпаз атанып, жарысты бірде-бір жеңіліссіз аяқтады. Сонымен қатар оның қоржынында WTA 1000 санатындағы екі титул — Индиан-Уэллс пен Римдегі жеңістері бар.

Елена өзінің кәсіби мансабындағы алғашқы титулын 2019 жылы Бухарестте жеңіп алды. Содан бері ол болашағынан зор үміт күттірген жас теннисшіден бүгінгі әлемнің үздік теннисшісіне дейінгі үлкен жолдан өтті.

Жаңа буынға үлгі

Елена Рыбакинаның жетістігі кәсіби спорт үшін ғана емес, бүгінде тенниспен айналысып жүрген мыңдаған бала үшін де маңызды.

Жас спортшы үшін алғашқы жаттығу, алғашқы турнир немесе алғашқы жеңіс кішкентай қадам болып көрінуі мүмкін. Бірақ үлкен спорттық жол дәл осындай қадамдардан басталады.

Еленаның тарихы балаларға бір нәрсені көрсетеді: бір күні әлемнің үздігі болу үшін бүгіннен бастап еңбек ету керек. Жаттығуға тұрақты келу, өзіңді дамыту, жеңілістен қорықпау және алға қарай жүру маңызды.

«Дәулет» теннис академиясында біз осындай мысалдар балаларға үлкен мақсат қоюға және өз мүмкіндігіне сенуге көмектесетініне сенеміз.

Елена Рыбакина Қазақстан өкілі әлемдегі ең мықты теннисші бола алатынын дәлелдеді. Оның тарихи жетістігі жас қазақстандық спортшыларды үлкен армандарға ұмтылуға, өзіне сенуге және мақсатына қарай алға жылжуға шабыттандырсын!