Елордалық спорт кешенде балаларды қорғау күніне арналған фестиваль өтті

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Дәулет» теннис орталығында «Балалар фестивалі» ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресмис айты.

Фестиваль салауатты өмір салтын және «It’s all about ability» ЮНИСЕФ халықаралық бағдарламасының қамқорлығымен инклюзивті спортты насихаттау мақсатында өткізілді.

«Бүгінгі шараға 60-тан астам бала, оның ішінде теннистен инклюзивті топтағы балалар қатысады. Оларды мерекелік көңіл-күй, түрлі ойындар және тәтті тағамдар күтеді. Өткізіліп жатқан іс-шара әртүрлі мүмкіндіктері бар, сондай-ақ бірдей құқыққа ие ерекше балалардың қоғамдағы әлеуметтік интеграция міндеттерін іске асыруға мүмкіндік береді. Фестивальді ұйымдастыруға атсалысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «BATYL» коммерциялық емес ұйымына алғысымды білдіргім келеді», — деді «Дәулет» теннис орталығының директоры Дина Темірғалиева.

«Балалар фестивалі» Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл аясында Елбасының бастамасы бойынша ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобалардың тізіміне кіреді.

«Бүгін отбасымызбен бірге балалар фестиваліне қатысып отырмыз. Ең алдымен шараны ұйымдастырушыларға рақмет айтамын. Соңғы кездерде осындай мерекелерді ұйымдастыру сиреп кетті. Балаларымыздың көңіл-күйі көтеріліп, мерекені сезінгені – біз үшін үлкен қуаныш», — деді ерекше қажеттілігі бар баланың анасы Райхан.