Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Қазақстандық теннисші Ұлыбритания ашық чемпионатының соңғы бәсекесінде әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен бас жүлдені сарапқа салды. Бұл екеуінің де «Үлкен дулыға» жарысындағы алғашқы финалы еді. Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде О.Жабер жеңіске жеткен еді. Бірінші партияда брейк жасаған тунистік спортшы алға кетті. Сетті ол тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3. Есесіне екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:1. Содан кейін өз геймін ала білді – 6:2. Е.Рыбакина үшінші, шешуші партияны да брейкпен бастады – 2:0. Алтыншы геймде Елена доп бергенде, 0:40-тан «құтыла» алды – 4:2. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:2.

Осылайша, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілер арасында тұңғыш рет жекелей сында «Үлкен дулыға» жарысының жеңімпазы атанды.